EC[ON]OMY

Әлеуметтік Теңсіздік: Қазақстандағы Табыс Өсуі

2024 жылдың IV тоқсаны бойынша елдегі әр адамға шаққандағы орташа атаулы табыс 230 636 теңге болды. Бұл — өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артық. Алайда инфляция деңгейі 8,5% болғанын ескерсек, нақты табыс тек 4,4%-ға ғана өскен. Яғни, көп табыс алғанымызбен, қымбатшылық табыстың шынайы құнын азайтты.

Нақты табыс: өсу бар, бірақ мардымсыз

Ресми есептер табыстың артқанын көрсетеді. Бірақ халықтың күнделікті өмірінде бұл айтарлықтай байқала қоймайды. Өйткені табыстың едәуір бөлігі бағаның өсуіне жұмсалып кетеді. Көп жағдайда өмір сүру сапасы бұрынғы қалпында қалады, ал кейбір өңірлерде халық керісінше кедейленіп барады.

Табыс жағынан көшбасшы өңірлер мен артта қалғандар

Алматы қаласы — ең жоғары табыс тіркелген өңір. Мұнда әр адамға шаққандағы табыс 387 304 теңге. Бұл — ел бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Сондай-ақ Алматыда нақты табыс 11,9%-ға артқан.

Шымкент те жақсы нәтижеге қол жеткізді — нақты табыс 13%-ға өскен. Дегенмен орташа табыс деңгейі төмен — 150 369 теңге. Бірақ бұл қалада өсім қарқыны халықтың қалтасында нақты сезіледі.

Астана қаласында табыс көлемі жоғары болғанымен (331 276 теңге), нақты табыстың өсімі бар-жоғы 0,5%-ды құрады. Яғни қымбатшылық табысты толықтай «жеп» қойды деуге болады.

Туркестан облысы елдегі ең төмен табыс көрсеткішімен қалып отыр — 118 441 теңге. Бұл Алматымен салыстырғанда 3,3 есе аз. Мұндағы нақты табыс тек 0,7%-ға өскен.

Маңғыстау облысында жағдай тіпті күрделі. Табыс көлемі 264 644 теңге болғанымен, нақты табыс 14,4%-ға қысқарған. Яғни бұл өңірде халықтың сатып алу мүмкіндігі едәуір төмендеген.

Аймақтар арасындағы алшақтық үлкейіп келеді

2023 жылы табыс деңгейі ең жоғары және ең төмен өңірлер арасындағы айырмашылық 2,9 есе болса, 2024 жылы бұл айырмашылық 3,3 есеге дейін жетті. Бұл — өңірлік теңсіздік артып келе жатқанын көрсететін дабыл.

Әсіресе аграрлы және ауылдық сипаттағы өңірлер — Жамбыл, Алматы, Жетісу мен Түркістан облыстары — төмен табыс деңгейінде қалып отыр. Бұл өңірлерде жалақы төмен, жұмыс орындары аз, халықтың негізгі бөлігі ауылда тұрады.

Атаулы табыс пен нақты табыстың айырмасы неде?

Атаулы табыс — адамның қолына тиген жалпы ақшасы. Бірақ бұл көрсеткіш өмір сапасының артқанын білдірмейді. Себебі егер жалақы 10%-ға өсіп, баға 12%-ға қымбаттаса, онда шын мәнінде адам кедейленеді.

Мысалы, Ақтөбе облысында атаулы табыс 14,8%-ға өсіп, нақты табыс 5,7%-ға артты — бұл оң нәтиже. Ал Атырау облысында атаулы табыс 7,8%-ға ғана өсіп, нақты табыс 0,6%-ға төмендеді — яғни халықтың жағдайы нашарлаған.

Айырмашылықтың себептері неде?

Басты себеп — өңірлердегі экономикалық құрылым. Қызмет көрсету, сауда, қаржы секторы дамыған қалаларда табыс өсімі жоғары. Ал ауылдық өңірлерде табыс деңгейі баяу өседі немесе мүлде төмендейді.

Сонымен қатар бағаның өсуі барлық өңірде бірдей болғанымен, табыстың артуы — әртүрлі. Бұл жағдай ауылдағы халыққа ауыр тиеді.

Әлеуметтік тәуекелдер

Табыс теңсіздігінің артуы келесідей қиындықтар туғызуы мүмкін:

•  қалаға жаппай көшу;

•  әлеуметтік кернеудің күшеюі;

•  өңірлердің инвестициялық тартымдылығының төмендеуі;

•  ауылдағы кедейліктің күшеюі.

Маңғыстау мысалы — ескеретін жағдай. Мұнда атаулы табыс жоғары болса да, нақты табыс күрт төмендеген. Бұл өңір экономикасындағы өзгерістерге, бағаның өсуіне және еңбек нарығындағы сұраныстың азаюына байланысты болуы мүмкін.

Қорытынды және ұсыныстар

1. Нақты табысқа мән беру қажет. Бұл — халықтың өмір сүру сапасын өлшейтін басты көрсеткіш.

2. Өңірлік теңсіздікті азайту керек. Артта қалған өңірлерге мақсатты қолдау қажет.

3. Аймақтық саясатты күшейту керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылым салу, кәсіпкерлікті қолдау маңызды.

 

 
Дайындаған: Ален Серік арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top