EC[ON]OMY

2025: Жаһандық экономикадағы жаңа нормалар

2025 жыл жаһандық экономика үшін күрделі болмақ. Орталық банктер мөлшерлемелерді төмендету процесін бастады, бірақ бұл процесс әр аймақта әртүрлі қарқынмен жүріп жатыр. Жаңа жағдайлар күтпеген қиындықтар тудыруда.

Экономистер көптеген елдер үшін «жұмсақ қону» сценарийін күтуде. Бұл экономикалық өсу, инфляция және жұмыссыздықтың қалыпты деңгейде бәсеңдеуін білдіреді. Осыған жету үшін орталық банктер мөлшерлемелерді біртіндеп төмендетуде. Соңғы бірнеше жылдағы жоғары мөлшерлемелерден кейін олар тұрақты экономикалық өсуге жағдай жасауды көздейді.

Алайда мөлшерлемелердің төмендеуі олардың өсу қарқынына қарағанда әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Мысалы, АҚШ-та мөлшерлемелер 2026 жылдың соңына қарай 3,1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұл пандемияға дейінгі 2,5% деңгейден жоғары.

Бұл баяу қарқынның бірнеше себебі бар:

1. АҚШ экономикасының тұрақты өсуі.

2. Жасанды интеллект пен энергия секторындағы инновациялардың еңбек өнімділігін арттыруы.

3. Мемлекеттік қарыздың жоғары деңгейі. Қарызды қаржыландыру үшін инвесторларды тарту мақсатында табыстылықты арттыру қажет.

Корпорациялар мен үй шаруашылықтары үшін қарыздарды өтеу шығындары жоғары деңгейде қалып отыр. Жаңа несиелердің пайыздық мөлшерлемелері бұрынғы қарыздарға қарағанда 150-200 базистік пунктке жоғары. Бұл айырмашылық мөлшерлемелердің төмендеуіне қарамастан, әлі де елеулі болып тұр.

Соған қарамастан, көптеген корпорациялар тұрақтылықты сақтауда. 2024 жылы АҚШ-та жоғары табысты облигациялардың едәуір бөлігі қайта қаржыландыруға бағытталды. Бұл компанияларға нарықтағы құбылмалыққа қарамастан уақыт ұтуға мүмкіндік берді.

2024 жылы жоғары табысты облигациялар нарығында орналастыру көлемі 60%-ға өсті. Бұл инвесторлардың сенімділігінің жоғары екенін көрсетеді. Нәтижесінде, жоғары мөлшерлемелерге қарамастан, несиелердің сапасы жақсарды.

Еуропа мен дамушы нарықтарда жағдай өзгеше. Еуропада мөлшерлемелер АҚШ-қа қарағанда тезірек төмендеуі мүмкін. Бұл төмен экономикалық өсу мен инфляция бойынша әлсіз болжамдарға байланысты. Еуропалық орталық банк 2025 жылдың жазына қарай мөлшерлемелерді 2,5%-ға дейін төмендетуі ықтимал.

Дамушы нарықтарда жағдай күрделірек. Олардың қарыздарының басым бөлігі доллармен номинацияланған. Доллардың нығаюы бұл қарыздарды өтеу құнын арттырады. АҚШ-тың мөлшерлемелерді баяу төмендетуі бұл елдер үшін қосымша тәуекелдер тудырады.

Басты тәуекелдердің бірі – инфляцияның күтпеген жерден қайта өсуі. Бұл мөлшерлемелерді төмендету процесін тоқтатуы мүмкін. Егер АҚШ экономикасы тұрақты өсуді жалғастырып, жаңа президент импорттық тарифтерді арттырса, инфляция қайта күшейеді. Бұл жағдайда Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемелерді төмендетуді ерте тоқтатуы мүмкін.

Тағы бір қауіп – облигациялар нарығымен байланысты. АҚШ-тағы бюджет тапшылығының өсуі ұзақ мерзімді мөлшерлемелердің көтерілуіне әкелуі мүмкін. Егер инвесторлар облигацияларды сатып алуды тоқтатса, табыстылық күрт өседі, ал кейбір қарыз алушылар үшін қаржыландыруға қолжетімділік шектеледі.

Мөлшерлемелердің төмендеуі жалғасқан күннің өзінде ұзақ мерзімді мөлшерлемелер дағдарысқа дейінгі деңгейден жоғары болып қалады. Бұл жаһандық экономика үшін жаңа нормаға айналады. Компаниялар осы жағдайларға бейімделуге мәжбүр болады. Қарыз шығындарын өтеу үшін олар басқа салалардағы шығындарын — инвестициялар, қызметкерлерді жалдау немесе дивидендтер — қысқартуы мүмкін.

Мөлшерлемелердің баяу төмендеуі 2025 жылы жаһандық несие нарықтарының динамикасын анықтайтын негізгі факторға айналады. Бұл тренд қарыз алушылардан икемділік пен қарызды басқарудың стратегиялық тәсілін талап етеді.

Монетарлық саясатты қалыпқа келтіру жолы күткеннен күрделірек болып шықты. Орталық банктер экономикалық өсуді ынталандыру мен инфляцияны бақылау арасында тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр. Осындай жағдайларда қарыз алушылар жаңа экономикалық шындықтарға бейімделуі қажет. Мұнда капитал құны жоғары деңгейде қалып, қаржыландыруға қолжетімділік шектеулі болуы мүмкін.

Дереккөз: S&P Global, Global Credit Outlook 2025: Promise and Peril.

Дайындаған: Ален Серік, Economy KZ порталының сарапшысы

Scroll to Top