EC[ON]OMY

2024 жылғы бюджеттік тапшылық: оң өзгерістер және сақталып отырған сын-қатерлер

2024 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің тапшылығы 1,9 триллион теңгені құрады — бұл ЖІӨ-нің 3,7%-на тең.

Анықтама ретінде: 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында республикалық бюджеттің кірісі 8,7 триллион теңгені құраса, ал шығыны 10,6 триллион теңгеге жетті.

Оң көрсеткіштерді атап өтсек, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында бюджеттің тапшылығы 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,3%-ға немесе 425,5 миллиард теңгеге азайды.

Сондай-ақ, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы тапшылықтың орташа айлық өсім қарқыны 49%-ды құрады, ал 2023 жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 85,6% болған. Осылайша, бюджеттік тапшылықтың абсолютті сомасы айтарлықтай болғанымен, оның салыстырмалы көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда оң динамиканы көрсетіп отыр.

Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша үкімет Ұлттық қордан жоспарланған 3,6 триллион теңгенің 3 триллион теңгесін пайдаланып үлгерді. Бұл үкіметтің алдағы уақытта Ұлттық қордан аударымдарды арттыруға немесе республикалық бюджеттің тапшылығын едәуір ұлғайтуға мәжбүр болатынын көрсетеді, бұл болашақта мемлекеттік қарызды өтеу бойынша көрсеткіштерге теріс әсер етуі мүмкін.

Кейбір жағдайларда тапшылық экономиканы ынталандыру үшін пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, экономикалық құлдырау кезінде үкімет инфрақұрылымдық жобаларға, әлеуметтік бағдарламаларға және бизнесті қолдауға шығындарды ұлғайту арқылы жұмыс орындарын құрып, экономикалық өсуді ынталандыруы мүмкін.

Бюджет тапшылығы да, профициті де болуы мүмкін, алайда профицит әрқашан дұрыс экономикалық бағыттың көрсеткіші бола бермейді. Ел экономикасын отбасылық бюджетпен салыстыратын болсақ, профицит болашаққа немесе демалысқа қаражат жинауға мүмкіндік береді, бірақ отбасының денсаулығы мен тұрғын үй жағдайларына көңіл бөліп отыр ма, сол маңызды.

Профициттің мәселесі мынада: егер денсаулыққа немесе тұрғын үйді жөндеуге уақытында назар аудармасаңыз, проблемалар жиналып, кейінірек үлкен қаржылық салымдарды талап етеді. Тағы бір маңызды фактор — инфляция. Мәселен, 2015 жылдың басында ұлттық валютаның күрт құнсыздануын ешкім күтпеген еді, бұл көптеген адамдардың депозиттердегі немесе қолма-қол қаражат түріндегі жинақтарының жартысын 2016 жылдың басына дейін жоғалтуына әкелді.

Ел деңгейінде республикалық бюджеттің профициті ірі қаражаттың экономикада жұмыс істемейтінін көрсетіп, бұл ұзақ мерзімді перспективада экономиканың тоқырауына әкелуі мүмкін.

Тоқтасын Бақберген

экономист

 

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading