EC[ON]OMY

Инвестициялық карта: түсініктер мен жаһандық трендтер

Әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялар қайтадан өсімге шықты. Бірақ бұл соңғы бірнеше онжылдықта қалыптасқан үрдістің жалғасы емес. 2025 жылы жаһандық инвестиция ағыны екі жылдық құлдыраудан кейін 6%-ға өсіп, 1,6 трлн долларға жетті. Алайда мәселе көлемде емес. Ең маңызды өзгеріс — капиталдың барған сайын талғампаз бола бастауы. Инвестициялар енді әлемге біркелкі таралмайды. Олар санаулы мемлекеттерге, ірі жобаларға және жоғары технологиялық салаларға шоғырланып жатыр.

UNCTAD World Investment Report 2026 баяндамасының басты түйіні де осы. Әлем жаңа инвестициялық кезеңге аяқ басты. Енді мемлекеттер бір-бірімен түгелдей емес, тек жаһандық капиталдың назарын аудару үшін бәсекелеседі. Мұндай жағдайда жеңімпаздар азаяды, ал қателіктің құны барған сайын өсіп келеді.

Алғаш қарағанда статистика көңілге сенім ұялатады. Бірақ UNCTAD мәліметке тереңірек қарауға шақырады. Егер Еуропадағы ірі қаржы орталықтары мен инвестициялық хабтар арқылы өткен арнайы қаржылық операцияларды алып тастасақ, әлемдік инвестиция өсімі бар болғаны 4% болған. Яғни өсімнің едәуір бөлігі жаңа өндірістердің ашылуынан емес, трансшекаралық қаржы операцияларының ерекшеліктерінен қалыптасқан.

Ұзақ мерзімді үрдіс бұдан да маңызды. 2010-2025 жылдары әлемдік ЖІӨ мен халықаралық сауда тұрақты өскенімен, тікелей шетелдік инвестициялар әлдеқайда баяу ұлғайды. Оның үстіне инвестициялық белсенділік барған сайын жекелеген ірі мәмілелерге, трансұлттық компаниялардың қайта құрылымдалуына және корпоративтік ішкі қаржыландыруға тәуелді бола түсті. Бұл бұрынғы заңдылықтың әлсіреп бара жатқанын көрсетеді. Әлемдік экономика өсіп жатыр, бірақ капитал бұрынғыдай барлық нарыққа бірдей бағытталмайды. Ақша жоғалған жоқ. Өзгергені — оны бөлу қағидалары.

Жаңа кезеңнің басты ерекшелігі де осында. Капитал енді әлемге шашырап емес, нақты артықшылықтары бар экономикаларды таңдайды. Инвесторлар ауқымды жобалар ұсына алатын, технологиялық әлеуеті жоғары әрі бизнес жүргізу ережелері түсінікті елдерге басымдық береді. Соның нәтижесінде инвестициялық өсім өте әркелкі болды. Дамыған елдерге келген инвестиция 11%-ға өсіп, 723 млрд долларға жетті. Ал дамушы мемлекеттер небәрі 2% өсім көрсетіп, 901 млрд доллартартты. Сан жағынан олар әлі де көш бастап тұр. Бірақ 2025 жылғы жаһандық өсімнің негізгі драйвері дәл дамыған экономикалар болды.

Бұл үрдіс табыс деңгейіне қарай бөлгенде одан да анық көрінеді. Инвестиция өсімінің негізгі бөлігі жоғары табысты мемлекеттердің үлесіне тиді. Мұнда тартылған капитал көлемі шамамен 1,03 трлн доллардан 1,12 трлн долларға дейін өсті. Ортадан жоғары табысты елдерде өзгеріс шамалы болды. Ал ортадан төмен табысты мемлекеттерде инвестиция шамамен 5%-ға азайды. Төмен табысты елдерге келген капиталдың 10%-ға жуықөсуі жалпы көріністі өзгерте алмады, себебі олардың бастапқы көлемі өте төмен. Жаһандық капитал енді кеңею емес, шоғырлану қағидатымен жұмыс істей бастады.

Бұл өзгеріс инвестиция қабылдайтын жетекші елдердің рейтингінен де анық байқалады. Қазір әлемдегі барлық тікелей шетелдік инвестицияның 80%-дан астамы небәрі жиырма экономикаға тиесілі. АҚШ шамамен 277 млрд доллармен көшбасшылық орнын сақтап қалды. Одан кейін Сингапур, Гонконг, Қытай және Бразилия орналасқан. Ұлыбритания инвестициялық белсенділіктің арқасында рейтингте айтарлықтай жоғарылады. Германия да өз позициясын нығайтты. Керісінше, Қытай тартқан капитал көлемі қысқарды, тағы бірқатар ірі экономикалар да төмендеу көрсетті.

Бірақ мұнда орындардың ауысуы емес, үрдістің өзі маңызды. UNCTAD бағалауынша, инвестициялық динамика барған сайын көптеген өндірістік жобалармен емес, санаулы аса ірі жобалар мен қаржылық мәмілелермен айқындалып келеді. Бұл капиталдың бұрынғыдан әлдеқайда таңдаулы бола бастағанының тағы бір дәлелі.

Инвестицияның салалық құрылымы да айтарлықтай өзгеріп жатыр. Бұрын халықаралық капитал өнеркәсіпке, инфрақұрылымға және қызмет көрсету секторына салыстырмалы түрде кең таралатын. Қазір негізгі қаржы бірнеше бағытқа ғана құйылып жатыр. Жаңа инвестициялық жобалардың құнын өсірген басты салалар — цифрлық инфрақұрылым, деректер орталықтары, жартылай өткізгіш өндірісі, мұнай-газ жобалары және энергетиканың жекелеген бағыттары болды.

Ал дәстүрлі салалардың бір бөлігі әлсіз нәтиже көрсетті немесе инвестиция көлемі қысқарды. Оның ішінде жаңартылатын энергетиканың кейбір сегменттері, инфрақұрылым және жаһандық өндірістік тізбектерге бағытталған өндірістер бар. Бұл инвесторлар мұндай салалардан толықтай бас тартты дегенді білдірмейді. Бірақ олар тәуекелді әлдеқайда қатаң бағалап, ең жоғары қайтарым күтілетін жобаларды ғана таңдауға көшті.

Осындай сақтық халықаралық мәмілелер құрылымынан да байқалады. Трансшекаралық бірігу мен сатып алу мәмілелерінің құны шамамен 7%-ға төмендеді. Бұған қаржыландыру құнының қымбаттауы, реттеушілік талаптардың күшеюі және белгісіздіктің сақталуы әсер етті. Компаниялар шетелдегі ірі активтерді сатып алуға бұрынғыдай белсенді емес.

Жаңа өндірістер салуға бағытталған Greenfield жобалары өткен жыл деңгейіне жуық сақталғанымен, мұнда да өсімді негізінен цифрлық және технологиялық бағыттағы ауқымды жобалар қамтамасыз етті. Ал жобалық қаржыландыру нарығы үш жылдық құлдыраудан кейін ғана баяу қалпына келе бастады. Жобалардың жалпы құны 3%-ға артқанымен, олардың саны азаюын жалғастырды. Әсіресе инфрақұрылым мен энергетикадағы ұзақ мерзімді жобаларға жоғары пайыздық мөлшерлемелер қатты қысым жасап отыр.

Баяндамада көзге бірден түсе бермейтін, бірақ алдағы жылдары ең маңызды факторлардың біріне айналуы мүмкін тағы бір үрдіс бар. Тек инвестиция ғана емес, табыс та шоғырланып жатыр.

Ірі трансұлттық корпорациялар соңғы жылдары жиынтық пайдасын қайта ұлғайтты және соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейлердің біріне жақындады. Олар белгісіздік күшейген жағдайда да ірі инвестицияларды жалғастыруға жеткілікті қаржы қорын сақтап отыр.

Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестициялардың орташа табыстылығы төмендеуде. Егер 2022-2023 жылдары кірістілік 10%-дан асса, 2025 жылы шамамен 7%-ға дейін төмендеді. Осындай үрдіс сыртқы инвестициялар бойынша да байқалады.

Нәтижесінде ерекше жағдай қалыптасты. Әлемдік капитал көлемі өсіп жатыр. Бірақ одан жоғары табыс табу қиындап барады. Сондықтан инвесторлар қаражатын ең ірі, ең тұрақты және технологиялық жағынан ең мықты компаниялар мен экономикаларға көбірек бағыттай бастады.

Капиталды экспорттайтын елдердің географиясы да өзгеріп келеді. АҚШ шамамен 263 млрд долларлықсыртқы инвестициямен әлемдегі ең ірі инвестор мәртебесін сақтап қалды. Кейінгі орындарда Жапония мен Қытай тұр. Сонымен қатар Люксембург, Сингапур, Германия және Ұлыбританияның рөлі күшейіп келеді.

Азия елдері мен Парсы шығанағындағы экономикалар барған сайын маңызды ойыншыға айналуда. Қытай, Гонконг, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктері бүгінде әлемдегі ең ірі капитал экспорттаушылар қатарына енді. Ал Еуропа маңызды орнын сақтағанымен, мұнда корпоративтік қайта құрылымдау мен ішкі қаржыландырудың жоғары үлесі инвестициялық көрсеткіштердің құбылмалылығын арттырып отыр.

2026 жылға арналған болжамдар да бұрынғы жаһандану моделіне жылдам оралу мүмкіндігін көрсетпейді. UNCTAD әлемдік экономиканың өсуі 3,4%-дан 3,1%-ға дейін баяулайды деп күтеді. Халықаралық сауданың өсімі де әлсірейді. Геосаяси белгісіздік жоғары деңгейде сақталады.

Геосаяси тәуекел индексі өсіп келеді. Таяу Шығыстағы қақтығыс инвестициялық ахуалға қосымша қысым түсіріп отыр. Логистика, сақтандыру, энергия ресурстары мен қаржыландыру құнының қымбаттауы ең алдымен инфрақұрылым, энергетика және өнеркәсіптегі капитал сыйымды жобаларға әсер етеді.

Соған қарамастан белгілі бір оң белгілер де бар. Сарапшылар қаржылық жағдайдың біртіндеп жеңілдеуіне байланысты халықаралық мәмілелердің жандануын күтеді. Бірақ есеп авторларының бағалауынша, инвестициялар бұрынғыдай кең таралмайды. Олар әлі де өте таңдаулы болады.

UNCTAD World Investment Report 2026 баяндамасының негізгі қорытындысы инвестиция көлемінің өсуінде емес. Ең маңызды өзгеріс — әлемдік инвестициялық картаның барған сайын тарылып бара жатқаны. Халықаралық капитал қымбаттады, сақ бола түсті және бұрынғыдан әлдеқайда шоғырланды. Ол ондаған елге емес, ауқымды жобалар ұсына алатын, технологиялық артықшылығы бар және тұрақты институттар қалыптастырған санаулы экономикаларды ғана таңдай бастады.

Жаппай инвестициялар дәуірі аяқталып келеді. Оның орнына селективті капитал кезеңі қалыптасуда. Енді басты артықшылық кез келген шетелдік инвестицияны тарту емес, әлемдік инвестор қайта-қайта таңдайтын мемлекеттердің қатарына ену болып отыр.

Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading