EC[ON]OMY

Тау-шаңғы курорты — таудағы LRT ме?

2025 жылғы 18 шілдеде Ашық НҚА порталында квазимемлекеттік сектордың сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізу жобасы қоғамдық талқылауға шартты түрде шығарылды. Шартты түрде дейтініміз — құжаттың өзі порталға жүктелмеген. Өзгерістердің нақты мәтініне тек «Атамекен» ҰКП таратқан хат арқылы қол жеткізу мүмкін болды.

Сонымен, не ұсынылып отыр?

ҚР Қаржы министрінің 2021 жылғы 30 қарашадағы №1253 бұйрығымен бекітілген, Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу қағидаларындағы «Бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы сатып алу» бөлімі жаңа 32-1) тармақшамен толықтырылмақ.

Жаңа тармақша мынадай:

«Бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы сатып алу тәсілі, егер тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алушы заңды тұлғаның акцияларының (қатысу үлесінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болса, және бұл заңды тұлға Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында тіркеліп, тау-шаңғы туризмі нысандарын салу және дамыту жобасын іске асырып жатса, қолданылуы мүмкін».

Маңызды ерекшелік — мұндай сатып алуларды қағаз түріндегі шартпен, сатып алу жоспарына енгізбей, веб-порталға есеп жүктемей-ақ жүзеге асыруға рұқсат беріледі.

Яғни, бұл өзгеріс қабылданса, «Бәйтерек» ҰБХ-ға 50%+ қатысы бар, АХҚО аумағында тіркелген, тау-шаңғы туризмін дамыту жобасын іске асырып жатқан компания барлық тауар, жұмыс және қызметті шексіз сомаға, белгісіз жеткізушіден, тікелей шартпен сатып ала алады. Тіпті шарттың өзі болмауы да мүмкін.

Болжам бойынша, бұл бастама — PGI Managementкомпаниясының басшысы Жоан Виладоматпен өткен кездесудің нәтижесі. Кездесуде Алматы аймағында тау-шаңғы туризмін дамыту бойынша ынтымақтастық талқыланған болатын.

Үкіметтің ресми мәліметіне сүйенсек, бұл компания тау-шаңғы курорттарын дамытуда әлемдік көшбасшы ретінде қарастырылады. Жоба сәтті жүзеге асса, 2029 жылға қарай Алматы тау кластеріндегі туристер ағыны жылына 2 млн-нан 7,5 млн адамға дейін артады деп күтілуде.

Алайда әріптесті таңдау бойынша конкурс (тендер) өткізілгені туралы ешбір ашық ақпарат жоқ.

Мақсат айқын, мердігер түсінікті. Бірақ басты сұрақ — бұл инвестиция қаншалықты ашық, әділ және бәсекелі жолмен тартылды? Және де: таудағы жоба — елордалық LRT тағдырын қайталамай ма?

Министрлік бұл түзетулердің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе басқа да салдары болмайды деп мәлімдейді. Дегенмен, алғашқы көзқараспен-ақ мынандай тәуекелдер байқалады:

  • ⁠ ⁠бәсекелестіктің шектелуі;
  • ⁠ ⁠қаражаттың тиімсіз жұмсалуы;
  • ⁠ ⁠отандық өндірушілердің мүддесінің ескерілмеуі;
  • ⁠ ⁠қазақстандық мамандар мен жұмыс күшінің тартылуының шектелуі.

Қоғамдық «қоғамдық емес» талқылау 6 тамызға дейінжалғасады. Яғни, азаматтардың пікір айтуға әлі бір аптасы бар.

 

Тимур Усеев, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading