EC[ON]OMY

Қазақстандағы уақытты пайдалану: статистикалық шолу

Бір күнде бәрімізге бірдей 24 сағат берілгенімен, оны пайдалану тәсіліміз әртүрлі. 2024 жылы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының уақытты қалай пайдаланатынын зерттеді. Нәтижелер қоғамдағы үлкен айырмашылықтарды көрсетті – әсіресе әйелдер мен ерлер арасындағы, сондай-ақ өңірлер бойынша.

Бұл зерттеу уақытты тек санау үшін емес, мүмкіндіктер мен шектеулерді түсіну үшін қажет екенін көрсетеді. Уақыт – шексіз емес, ең құнды ресурс. Ал оны қалай бөлу – бұл отбасыдағы, экономикадағы және қоғамдағы жағдайдың көрінісі.

Әйелдердің «екінші жұмыс күні»: үй шаруасы – негізінен әйелдерге тиесілі

Статистика көрсеткендей, әйелдер күн сайын 3 сағат 46 минутын тегін үй жұмысына арнайды. Ал ерлер — бар болғаны 1,5 сағат:

•  Тамақ дайындау: әйелдер – 2 сағат, ерлер – 17 минут

•  Үй жинау: әйелдер – 49 минут, ерлер – 30 минут

•  Киім-кешек пен басқа да шаруаларға әйелдер – 30 минут, ерлер – 8 минуттан аз

Бала-шаға мен туыстарға қамқорлық жасау уақыты да әйелдерде 10 минутқа көп. Бұл аз көрінгенімен, күн сайын жиналатын қосымша жұмыс.

Нәтижесінде, әйелдерде:

•  оқу мен білім алуға – ерлерге қарағанда 11 минутқа аз уақыт;

•  достармен сөйлесуге – 6 минутқа аз уақыт;

•  ал демалыс пен хоббиге – 1 сағатқа аз уақыт қалады.

Ерлер күн сайын 3 сағат 48 минутын демалысқа, спортқа және гаджеттерге арнай алады. Өйткені оларды үй тіршілігі көп мазаламайды.

Аптаның екі беті: жұмыс күндері мен демалыста не өзгереді?

Апта ішінде:

•  Жұмыс уақыты: 5 сағат 16 минут

•  Үй шаруасы: әйелдер – 3 сағат, ерлер – 57 минут

•  Оқу: 49 минут

•  Демалыс: 3 сағаттан сәл артық

Демалыс күндері:

•  Орта есеппен 36 минут жұмыс

•  Үй шаруасына: 3,5 сағат (әйелдерде – 4,5 сағат)

•  Демалыс пен араласуға – 2 сағат артық

•  Ұйқы – бір сағатқа ұзарады

Бірақ әйелдердің демалысы – тек жұмыс түрінің ауысуы: кеңсе орнына – ас үй мен кір жуу. Шын мәнінде, толық демалу мүмкін емес.

Аймақтар қалай өмір сүреді?

Ең көп жұмыс істейтін өңірлер:

•  Қарағанды (3 сағ 20 мин), Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Астана, Алматы

Ең аз жұмыс уақыты:

•  Шымкент – 2 сағат 18 минут

Үй шаруасына көп уақыт бөлетіндер:

•  Абай, Ақмола, Жетісу, Қостанай, ШҚО – 3 сағаттан аса

Аз бөлетіндер:

•  Маңғыстау, Астана, Алматы – 2,5 сағаттай

Көп араласатын, сөйлесетін өңірлер:

•  Қызылорда (1,5 сағ), Ақтөбе, Абай, Жетісу, Маңғыстау

Демалысқа ең көп уақыт бөлетіндер:

•  ШҚО – 4 сағат 6 минут

Ең ұйқышыл өңірлер:

•  Жамбыл, Қызылорда – 10 сағатқа жуық ұйқы

Ең аз ұйықтайтындар:

•  Қостанай – 8,5 сағат

Демалыс – бәріне бірдей емес

Ерлер әйелдерге қарағанда демалысқа бір сағатқа көп уақыт бөледі. Олар екі есе көп хобби, спортпен айналысады, әлеуметтік желіде де ұзақ отырады. Бұл — шаршауды азайтып, күш жинауға мүмкіндік береді.

Ал әйелдер күні бойы тегін еңбек етіп, кешке оқу немесе демалуға үлгермей қалады. Бұл – экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерге тікелей әсер етеді.

Ұйқы – ең үлкен айырмашылық

Ұйқының өзі өмір сапасының көрсеткіші. 10 сағат ұйықтайтын Қызылорда мен 8,5 сағат қана көз ілетін Қостанай арасында айырмашылық жер мен көктей. Бұның себебі – жүктеме, күн тәртібі және тұрмыстық жағдайлар.

Бұл зерттеу бір нәрсені анық көрсетті: уақытты пайдалану — тек жеке мәселе емес, қоғамдық әділеттілік мәселесі. Әйелдер мен кейбір аймақтар жүктемені көп көтеріп отыр. Ал бұл — олардың денсаулығына, дамуына, білім алуына кері әсер етеді.

Егер біз шынымен де тең қоғам құруды қаласақ, ең алдымен уақытты кімге, не үшін және қалай бөлінетінін қайта қарауымыз қажет.

 

Алена Романова, Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Scroll to Top