EC[ON]OMY

Қазақстандағы әкім сайлауы: Жаңа жүйенің өзгерістері

Сайлау – кез келген демократиялық мемлекеттің маңызды бөлігі. Ол халыққа өз өңірін басқаруға тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау – биліктің халық алдында есеп беруін күшейтетін маңызды қадам.

Көптеген елдерде жергілікті әкімдерді халық өзі сайлайды. Бұл – олардың тұрғындар алдында жауапкершілігін арттырады. Бұған дейін Қазақстанда аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін облыс әкімі тағайындап, оны мәслихат бекітетін. Яғни, халықтың бұл процеске тікелей қатысу мүмкіндігі шектеулі болды.

2021 жылы ауылдық округ, ауыл және кент әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Енді бұл тәжірибе аудан әкімдерін сайлауға да таралмақ.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

2023 жылы Қазақстанда пилоттық аудан әкімдерін сайлауөтті. Ал 2025 жылдан бастап бұл тәжірибе бүкіл ел бойынша енгізіледі.

Құқықтық негіз:

Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңындабекітілді. Президент бұл құжаттарға 2022 жылғы 5 қарашадақол қойды.

Әкім сайлауы қалай өтеді?

1️⃣ Тізімді бекіту. Облыстық мәслихат қай аудандарда сайлау өтетінін анықтайды.

2️⃣ Кандидаттарды ұсыну:

•  Саяси партиялар өз үміткерлерін ұсынады.

•  Жеке тұлғалар өзін-өзі ұсына алады (сайлаушылардың 1%-ының қолын жинау қажет).

•  Егер үміткерлер болмаса, жоғары тұрған әкім өз ұсынысын енгізе алады.

3️⃣ Қаржылық талаптар. Кандидаттар ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшерінде жарна төлейді. Егер үміткер 5%-дан артық дауыс алса немесе жеңіске жетсе, жарнасы қайтарылады.

4️⃣ Сайлау науқаны. Барлық үдеріс 60 күнге созылады: үгіт-насихат, дауыс беру және қорытынды шығару.

5️⃣ Мерзім шектеуі. Әкім 4 жылға сайланады және екі мерзімнен артық қызмет атқара алмайды.

Күтілетін өзгерістер

✅ Халықтың жергілікті билікке деген сенімі артады.

✅ Әкімдер тұрғындардың мәселесіне жылдамырақ әрекет етеді.

✅ Бәсекелестік күшейіп, басқару сапасы жақсарады.

✅ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іс жүзіне асырылады.

Алайда, бұл реформа белгілі бір қиындықтармен қатар келеді. Әкімдер сайлауында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, әкімшілік ресурсты теріс пайдалануды болдырмау, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу маңызды. Қазақстан үшін бұл тәжірибе жаңалық болғандықтан, оны халық болып қолдап, дұрыс іске асыру қажет.

Диана Садуағасова, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economykz.org порталы үшін

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading