2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқы 20 495 975 адамды құрады. Бір жыл ішінде ел халқы 212 576 адамға, немесе 1,05 пайызға өсті. Бірақ бұл өсімнің мәні санның артуында емес, қайта бөліністе. Елде адам көбейді, бірақ олар барған сайын бірдей аумақтарда шоғырлануда. Қалған өңірлер осы өсімді демографиялық тұрғыда қамтамасыз етіп отыр.
Негізгі факт – өсім қай жерде шоғырланып, қай жерде жоғалып жатқаны. Халық санының дерлік бүкіл өсімі қалаларға тиесілі. Қала халқы 256 688 адамға артып, 13 029 803 адамға жетті. Ал ауыл халқы сол кезеңде 44 112 адамға қысқарып, 7 466 172 адамды құрады. Бұл – кездейсоқ емес, тұрақты траектория.
Қалалардың өсуі туу есебінен емес. Оны өңірлерден келетін көші-қон қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылы табиғи өсім 118 190 адамды, ал көші-қон сальдосы 138 498 адамды құрады. Яғни кім өсіп, кім босап жатқанын дәл осы көші-қон анықтайды. Қазақстан барған сайын миграциялық магниттерге және халық жеткізуші өңірлерге бөлінуде. Бұл айырмашылық дәл 2025 жылы күшейді.
Абсолютті магнит болып Астана қала береді. Бір жылда елорда халқы 109 530 адамға өсіп, 1 638 233 адамғажетті. Өсімнің басым бөлігі көші-қон есебінен қалыптасты. Көші-қон сальдосы плюс 89 244 адам, табиғи өсім 20 286 адам қосты. Бұл – елдегі ең жоғары көші-қон ағымы. Астана өңірлердің көбінен тұтас алғанда жылдамырақ өсіп жатыр. Негізгі ағым Ақмола облысынан 30 178, Түркістан облысынан 18 201, Алматы қаласынан 16 377, Қарағанды облысынан 12 151 және Жамбыл облысынан 12 134 адам есебінен қалыптасты.
Алматы екінші орынды сақтап отыр. Қала халқы 55 869 адамға өсіп, 2 347 924 адамға жетті. Оның ішінде 36 мыңнан астамы көші-қон арқылы келді. Алматы өңірлерден жастарды, мамандарды және отбасыларды тартып, адами капиталдың шоғырлануын күшейтуде. Негізгі ағым Алматы облысынан 62 037, Жамбыл облысынан 15 496, Жетісудан 12 357, Түркістан облысынан 12 093 және Астана қаласынан 11 870 адамболды.
Шымкент оңтүстіктің өңірлік тарту орталығы ретінде орнықты. Қала халқы 37 484 адамға өсіп, 1 293 648 адамға жетті. Мұнда көші-қон мен демография қатар жұмыс істейді. Бірақ жоғары туу көрсеткішіне қарамастан, қала таза алушы болып қалуда. Негізгі толықтыру Түркістан облысы есебінен, ол жерден 81 656 адамның 56 892-сі көшіп келген.
Алматы облысы агломерациялық өсімнің тағы бір мысалына айналды. Бір жылда 36 207 адамға өсіп, 1 596 331 адамға жетті. Өсімнің шамамен жартысы көші-қон есебінен. Өңір іс жүзінде Алматының тарту аймағын кеңейтіп отыр. Толықтырудың негізгі бөлігі Алматы қаласынан 59 235 және Жетісу облысынан 10 000 адамесебінен, барлығы 101 225 адам.
Маңғыстау облысы да оң көші-қон балансы бар аумақтар қатарында. Халық саны 14 499 адамға өсіп, 819 655 адамды құрады. Өсімнің негізгі көзі – қоныс аудару. Көшіп келгендердің басым бөлігі Астана қаласынан 2 208, Алматы қаласынан 1 723, Атырау облысынан 2 002, Түркістан облысынан 1 568, Ақтөбе облысынан 1 434және Алматы облысынан 1 139 адам.
Қарама-қарсы полюсте, жоғары тууға қарамастан, халықты тұрақты түрде жоғалтып жатқан өңірлер тұр. Түркістан облысы 2026 жылдың басында елдегі ең халқы көп өңір болып қала береді – 2 148 658 адам. Бірақ дәл осы өңір көші-қонның ең ірі доноры болды. Бір жылда көші-қон арқылы 42 237 адамды жоғалтты. Табиғи өсім 36 854 адам болды. Қорытындысында – таза қысқару. Өңір ең көп туатын аймақ, бірақ адамдарды ұстап қала алмай отыр.
Жамбыл облысы көші-қон арқылы 21 396 адамдыжоғалтты, ал табиғи өсім 14 378 адамды құрады. Нәтижесінде халық саны 7 018 адамға қысқарды. Жетісу облысы да оң демографияға қарамастан, 6 757 адамғаазайды. Бұл бір механизм. Туу енді көші-қонды өтей алмайды.
Елдің солтүстігі мен шығысы демографиялық тірексіз халық жоғалтуды жалғастыруда. Солтүстік Қазақстан облысы 8 015 адамға, Шығыс Қазақстан облысы 5 022 адамға, Павлодар облысы 5 801 адамға, Қостанай облысы 4 105 адамға қысқарды. Мұнда теріс көші-қон балансы табиғи өсімнің төмендігімен қатар жүреді. Бұл өңірлер ең алдымен жастар мен еңбекке қабілетті халықты жоғалтып жатыр.
Өңірлерді елдің көші-қон жүйесіндегі рөлі бойынша топтастырсақ, көрініс айқындалады. Астана, Алматы, Шымкент және оларға іргелес облыстар – тарту орталықтары. Жоғары тууы бар оңтүстік өңірлер – жұмыс күші жеткізушілер. Солтүстік пен шығысинерциямен, өтемсіз халық жоғалтуда.
Қазақстандағы қала халқы бір жылда 2,01 пайызға өсті. Астанада өсім 7 пайыздан асты. Алматыда шамамен 2,5 пайыз, Шымкентте 3 пайызға жуық. Бұл көрсеткіштер тұрғын үй нарығына, көлікке және әлеуметтік инфрақұрылымға қысым жасайды. Ал ауыл халқы шамамен 0,6 пайызға қысқарды. Ауылдан көшу демография жоғары аймақтарда да жалғасуда.
Оңтүстік облыстарда ауыл халқының үлесі әлі де басым. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында ауыл – негізгі қоныстану формасы. Бірақ көші-қонның негізгі ағымы дәл сол жерден шығады. Халық көп, жұмыс аз. Айырмашылық көшу арқылы жабылады.
Солтүстік және шығыс өңірлерде қала халқының үлесі жоғары, бірақ онда да жалпы саны азаюда. Бұл көші-қон тек ауылды емес, өнеркәсіптік қалаларды да қамтып жатқанын білдіреді. Өңірлік қалалар халықты ұстап қала алмай отыр.
Есептік кезеңдегі орташа халық саны да осы картинаны растайды. Ел бойынша орташа көрсеткіш 20,39 млн адам. Астанада 1,58 млн-нан асады. Алматыда 2,31 млн-нанжоғары. Солтүстік Қазақстан облысында 518 мыңнан сәл асады. Өңірлер арасындағы айырмашылық ұлғаюда.
Өсім қарқыны бұл бір реттік құбылыс емес екенін көрсетеді. Ел бойынша плюс 1,05 пайыз. Астанада плюс 7,16, Алматыда плюс 2,44. Түркістан облысында минус 0,25, Солтүстік Қазақстан облысында минус 1,53. Бұл бір ел ішіндегі әртүрлі демографиялық режимдер.
2025 жыл бір шындықты бекітті. Қазақстан сан жағынан өсіп келеді, бірақ барған сайын орталықтануда. Бірнеше қала демографиялық үстемдігін күшейтіп жатыр. Өңірлердің басым бөлігі не халық жеткізушіге айналды, не өтемсіз жоғалтып отыр. Ауыл қысқаруын жалғастыруда. Көші-қон енді екінші деңгейлі фактор емес. Ол ел ішіндегі адамдарды қайта бөлудің негізгі механизміне айналды.
Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


