EC[ON]OMY

Инвестициялық саясат: жаңа дәуір мен мемлекет рөлі

ЮНКТАД-тың World Investment Report 2026 баяндамасы жаңа инвестициялық дәуірдің басталғанын көрсетті. Егер бұрын шетел капиталына барынша ашық болу экономикалық өсудің басты шарты саналса, қазір мемлекеттердің басымдығы өзгерді. Енді мақсат — инвестиция көлемін арттыру емес, оның сапасын таңдау.

2025 жылы әлем елдері шетелдік инвестицияларға қатысты 229 жаңа шара қабылдады. Бұл ЮНКТАД тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бірақ басты жаңалық рекордта емес. Елдер енді бір мезгілде кейбір секторларды инвесторларға ашып, стратегиялық салаларды күшейтілген бақылауға алып жатыр. Осындай екі бағытты саясат жаңа қалыпқа айналды.

Ұзақ жылдар бойы қарапайым қағида үстем болды: шетелдік капиталға тосқауыл неғұрлым аз болса, инвестиция да соғұрлым көп келеді. Осы мақсатта мемлекеттер салықтарды төмендетті, мемлекеттік активтерді жекешелендірді және шетелдік компанияларға бұрын жабық болған салаларды ашты. Жаһандану кезеңінің басым бөлігі дәл осы модельмен өтті.

Бүгінде жағдай өзгерді. Мемлекеттер инвестициядан бас тартып жатқан жоқ. Бірақ кез келген капиталды қабылдауға дайын емес. Енді негізгі сұрақтар мыналар: инвестор жаңа технология әкеле ме? Ел ішінде жаңа құзыреттер қалыптастыра ма? Экономиканың ұзақ мерзімді дамуына үлес қоса ма? Осындай талаптар қазір инвестициялық шешімдердің өзегіне айналды.

Бұл әлемдік экономиканың жабылып жатқанын білдірмейді. Керісінше, 229 шараның шамамен төрттен үші инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Елдер рұқсат рәсімдерін жеңілдетіп, инвестиция тартатын агенттіктердің жұмысын жеделдетіп, бюрократияны азайтып жатыр. Бірақ әр төртінші шешім керісінше бақылауды күшейтіп, жаңа талаптар енгізеді немесе стратегиялық секторларға шетел капиталының қатысуын шектейді. Мұндай саясатты бүгінде жекелеген мемлекеттер емес, ондаған ел қатар жүргізіп отыр.

Соның нәтижесінде экономиканы бұрынғыдай “ашық” немесе “жабық” деп сипаттау қиындай түсті. Әр сала үшін жеке ереже қалыптасып келеді. Бір сектор жеңілдік алса, екіншісі қосымша бақылауға өтеді. Әсіресе дамушы экономикаларда бұл үрдіс айқын байқалады. Либерализация сақталғанымен, мемлекеттер инвесторларды әлдеқайда мұқият іріктей бастады.

Осындай өзгеріс салық саясатына да әсер етті. Бұрын төмен корпоративтік салық капитал тартудың негізгі құралы саналатын. Қазір бұл тәсілдің орнына мақсатты ынталандыру келді. Мемлекет инвестордың келгені үшін емес, нақты нәтиже үшін қолдау көрсетеді. Жаңа өндіріс ашу, технология трансфері, экспортты ұлғайту немесе жаһандық қосылған құн тізбегіне қосылу сияқты нәтижелер басты өлшемге айналып отыр. Бұған жаһандық ең төменгі корпоративтік салықтың енгізілуі де ықпал етті.

Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік инвестициялық саясаттың тұрақты бөлігіне айналды. Көптеген елде шетелдік мәмілелерді тексеру жүйесі кеңейіп, стратегиялық активтерге қойылатын талаптар күшейтілді. ЮНКТАД мұны уақытша құбылыс емес, ұзақ мерзімді саясаттың жаңа элементі ретінде бағалайды. Енді инвестицияның тиімділігі тек қаржылық көрсеткіштермен емес, технологиялық тәуелсіздік пен инфрақұрылым қауіпсіздігі тұрғысынан да бағаланады.

Баяндаманың басты қорытындысы осы жерде жатыр. Мемлекет енді жай ғана ортақ ереже орнататын төреші емес. Ол қайтадан экономикалық саясаттың белсенді қатысушысына айналып, қай саланы дамыту керегін өзі анықтап, ынталандыру тетіктерін құрып, капитал ағынының бағытына тікелей ықпал етеді.

Мұны нақты елдердің тәжірибесі дәлелдейді. Бразилия стратегиялық өндірістерге мемлекеттік қолдауды күшейтіп, дата-орталықтарға арналған арнайы ынталандыру бағдарламаларын енгізіп жатыр. Канада сауда тәуекелдері күшейгеннен кейін осал салалардағы ірі жобаларды қолдауға арналған жаңа бағдарламаларды іске қосты. Чили инвестиция тартуда жылдамдыққа басымдық беріп, рұқсат беру рәсімдерін цифрландырып жатыр.

Оңтүстік Корея мемлекеттік қолдауды автокөлік және электр көлігі өндірісіне бағыттап, инвестицияны технологиялық көшбасшылықты сақтаудың құралы ретінде пайдаланып отыр. Мексика ұлттық кәсіпорындарды өңірлік өндірістік тізбектерге белсенді енгізу арқылы өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуде.

Алғаш қарағанда бұл саясаттар әртүрлі көрінеді. Бірақ олардың барлығы бір ортақ мақсатқа қызмет етеді. Бәсеке енді капитал көлемі үшін емес, оның технологиялық сапасы мен экономиканы жаңғырту қабілеті үшін жүріп жатыр.

Осындай өзгерістер халықаралық инвестициялық құқықта да байқалады. Елдер ескі инвестициялық келісімдерді қайта қарап, икемдірек жаңа форматтарға көшуде. Дәстүрлі екіжақты келісімдер азайып, қазіргі технологиялық және экономикалық жағдайға бейімделген келісімдер көбейіп келеді. Сонымен бірге инвестициялық дауларды шешу жүйесі де өзгеріп, мемлекеттердің өнеркәсіптік және әлеуметтік саясат жүргізу мүмкіндігі кеңейіп жатыр.

Осының бәрі бір үрдістің бөлшектері. Мемлекеттік қолдау, инвестициялық бақылау, салықтық ынталандырудың өзгеруі, халықаралық келісімдерді жаңарту және жаңа құқықтық механизмдер — барлығы инвестициялық саясаттың жаңа философиясын қалыптастырып жатыр.

ЮНКТАД-тың бағалауынша, бұл уақытша құбылыс емес. Әлем толық либерализациядан басқарылатын ашықтық моделіне көшіп жатыр. Мемлекеттер шетелдік капиталды бұрынғыдай қажет етеді. Бірақ оның қай салаға келетінін және қандай нәтиже беруі тиіс екенін енді нарықтың өзіне ғана тапсырмайды.

Бұл ретте жабық экономикаға қайта оралу туралы сөз болып отырған жоқ. Көптеген ел инвестициялық рәсімдерді жеңілдетіп, жаңа қолдау бағдарламаларын іске қосып, бизнеске қызмет көрсететін институттарды жетілдіруді жалғастыруда. Бірақ инвестицияның әсері енді келісім жасалған сәтпен емес, 10-20 жылдан кейінгі технологиялық және экономикалық нәтижемен өлшенеді.

Тағы бірнеше жыл бұрын мұндай өзгерістерді пандемия мен геосаяси дағдарыстардың уақытша салдары деуге болатын еді. World Investment Report 2026 мұның тұрақты трендке айналғанын көрсетті. Рекордтық деңгейдегі жаңа инвестициялық шаралар, мақсатты мемлекеттік қолдаудың күшеюі, халықаралық келісімдердің қайта қаралуы, шетелдік мәмілелерді бақылаудың артуы және әмбебап салықтық жеңілдіктерден бас тарту — барлығы бір бағытқа қызмет етеді.

Басты қорытынды қарапайым. Соңғы отыз жылдағы жаһандану кезеңінде мемлекет инвестициялық саясаттан біртіндеп шеттеп, нарыққа көбірек еркіндік берген еді. Енді бұл цикл аяқталды. Мемлекет қайтадан экономикалық дамудың сәулетшісіне айналып келеді. Алдағы жылдары кез келген капиталды қабылдайтын елдер емес, қай капитал қажет екенін, оның қай салаға келуі тиіс екенін және экономикаға қандай өзгеріс әкелуі керек екенін нақты айқындай алатын мемлекеттер ұтады.

Сұлтан Валиханов, EconomyKZ.org порталының сарапшысы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading