Экономикалық есептеулер — математикалық ережелерге негізделген. Бұл мақала қарапайым оқырманға арналған және математика экономикалық есептеулерде қалай қолданылатынын түсіндіреді. Нақтырақ айтсақ, туынды, интеграл, дифференциал және матрица сияқты ұғымдардың экономикада қандай маңызы бар екенін түсінуге көмектеседі.
1. Туынды: өзгеріс жылдамдығы
Экономикада функциялар сұраныс, ұсыныс, пайда, шығын сияқты үдерістерді сипаттау үшін қолданылады. Мысалы, сұраныс функциясы тауар бағасы өзгерсе, оған деген сұраныс қалай өзгеретінін көрсетеді.
Туынды — бір айнымалы өзгергенде, нәтиженің (пайда, сұраныс және т.б.) қаншалықты өзгеретінін көрсететін құрал. Яғни, баға сәл өссе, сұраныс қаншаға азаяды? Пайда қалай өзгереді?
Формуласы:
f'(x) = lim (Δx → 0) [f(x + Δx) — f(x)] / Δx
Мұндағы:
- f(x) — функция (мысалы, сұраныс)
- Δx — айнымалыдағы шағын өзгеріс (мысалы, баға)
- f'(x) — туынды, яғни өзгеріс жылдамдығы
Геометриялық түсінік: егер график сызып көрсек, туынды — сол графиктің белгілі бір нүктесіндегі еңкіштік (қисықтың бұрылысы).
Мысал 1:
Сұраныс функциясы:
Q(p) = 100 — 2p
Туынды: Q'(p) = -2
Яғни, баға 1 теңгеге өссе, сұраныс 2 бірлікке азаяды.
Мысал 2:
Пайда функциясы: f(x) = x²
Туындысы: f'(x) = 2x
Егер 100 өнім сатылса, пайданы өзгерту жылдамдығы 2 × 100 = 200 болады.
2. Интеграл: жиналған сандардың қосындысы
Формула:
- Белгісіз интеграл: ∫ f(x) dx
- Белгілі шекарадағы интеграл: ∫ₐᵇ f(x) dx — a мен b аралығындағы функция мәндерінің қосындысы
Қарапайым түсінік:
Интеграл — кішкентай өзгерістерді қосу арқылы жиналған жалпы нәтиже.
Мысал:
Компания күн сайынғы табысы: R(t) = 100 + 10t (мың теңге)
10 күнде қанша табыс болады?
∫₀¹⁰ (100 + 10t) dt = 1000 + 500 = 1500 мың теңге
Яғни, интеграл көмегімен біртіндеп өзгеріп отырған мәндердің жиынтық нәтижесін есептейміз. Экономикада ол өнім көлемін, салық түсімін, жалпы табысты есептеуде қолданылады.
3. Дифференциал: шамалы өзгерісті тез бағалау
Формула:
dy = f'(x) × dx
Мұндағы:
- dy — нәтиженің шамамен қанша өзгеретінін көрсетеді
- dx — айнымалыдағы шағын өзгеріс
Мысал:
y = x², x = 5, dx = 0.1
dy = 2 × 5 × 0.1 = 1
Яғни, x 5-тен 5.1-ге өссе, y шамамен 1-ге артады.
Экономикада дифференциалды пайдалану — көрсеткіштерге (пайда, сұраныс, шығын) кішігірім өзгерістердің қалай әсер ететінін шапшаң бағалауға мүмкіндік береді.
4. Матрица: сандар кестесі және онымен жасалатынамалдар
Мысал:
A = [ [1 2], [3 4] ]
B = [ [5 6], [7 8] ]
Негізгі амалдар:
- Қосу: A + B = [ [6 8], [10 12] ]
- Скалярлық көбейту: 3 × A = [ [3 6], [9 12] ]
- Көбейту (матрицалық):
A × B = [ [19 22], [43 50] ]
Экономикадағы мысал:
A — салалар арасындағы шығындар матрицасы
x — өндіріс көлемі:
A = [ [0.5 0.2], [0.1 0.6] ]
x = [ [100], [200] ]
A × x =
[ 0.5×100 + 0.2×200 = 90 ]
[ 0.1×100 + 0.6×200 = 130 ] → [90, 130]
Яғни, матрица — бір-бірімен байланысты айнымалыларды тиімді есептеп, жүйелі түрде көрсету құралы. Ол өндіріс жүйесін, салалар арасындағы байланыстарды, инвестиция құрылымын талдауға көмектеседі.
Экономикада есептеу құралдары белгілі рөл атқарады:
- Туынды — сезімталдықты бағалау (баға, сұраныс, пайда)
- Интеграл — жинақталған әсерді есептеу (табыстар, салықтар)
- Дифференциал — шағын өзгерістерді шапшаң бағалау
- Матрица — күрделі жүйелердегі байланысты есептеу
Математика — экономиканың тілі. Ол арқылы бизнес пен шаруашылықтағы заңдылықтар түсіндіріледі. Экономистер осы құралдарды күнделікті шешім қабылдауда қолданады.
Дәулет Жамбайбеков, тәуелсіз сарапшы, арнайы үшін www.economyKZ.org


