Соңғы онжылдықта АҚШ-тың заңнамалық жүйесі бұрын-соңды болмаған деңгейде кеңейіп, күрделене түсті.
Бұл процесс азаматтарға, бизнеске және құқықтық жүйенің өзіне айтарлықтай қысым түсіруде. Жыл өткен сайын жаңа заңдар мен реттеулер саны қарқынды түрде өсіп келеді, нәтижесінде адамдар өздерінің заңды бұзып жатқанын сезбей, күрделі және абсурдтық жағдайларға жиі тап болады.

XX ғасырдың басында барлық федералдық заңдар бір томға сиып кететін еді. 2018 жылға қарай олардың көлемі 54 том/60 000 бетке жетті. Соңғы он жылда АҚШ Конгресі жыл сайын орта есеппен 344 жаңа заң қабылдап, елдің құқықтық базасына 2-3 миллион сөз қосады. Бұл заңдардың легі қарапайым азаматтардың өмірін қиындатып, құқықтық ортада бағдар табуды күрделі ете түсуде.
Заңдардың саны ғана емес, олардың көлемі де едәуір артты. Егер 1950 жылдары орташа заң жобасы екі беттен тұратын болса, бүгінгі күні оның көлемі 18 бетке жетті. Мысалы, 2001 жылы қабылданған «No Child Left Behind» заңы 600 беттенасып, 2010 жылғы Қолжетімді денсаулық сақтау туралы заң (Affordable Care Act) 1000 бетке жуық болды. Ал 2021 жылы қабылданған Төтенше жағдайдағы қолдау туралы заң (Consolidated Appropriations Act) 5000 беттен асып түсті. Бұл заңда ковидке қарсы шаралармен бірге ат жарыстары және Тибетке қатысты сыртқы саясат мәселелері қамтылды.
Бұл заңдар – тек заңнаманың артық жүктемесінің беткі қабаты ғана. Федералдық агенттіктер, мысалы EPA(Қоршаған ортаны қорғау агенттігі) және FDA (Тағам өнімдері және дәрі-дәрмектерге бақылау басқармасы) жыл сайын жүздеген беттен тұратын жаңа ережелер шығарып, олардың заңдық күшін арттырады. Федералдық тіркеуші, алғаш рет 1936 жылы 16 беттен басталып, қазір жыл сайын 70 000 беттен астам ереже жариялайды. 2021 жылға қарай Федералдық регламенттер кодексі 188 000 беттен асты.
Ережелердің көптігі сонша, тіпті федералдық агенттіктердің өздері де олардың санын нақты айта алмайды. Мысалы, түрлі дереккөздер бойынша АҚШ-та 115-тен 436-ғадейін федералдық агенттік бар екені айтылып келеді, бұл құқықтық жүйедегі қосымша шатасулар тудырады.
Құқықтық шамадан тыс жүктеме қарапайым азаматтардың өміріне ауыр салмақ түсіреді. Мысал ретінде балықшы Джон Йейтс оқиғасын айтуға болады, ол «Sarbanes-Oxley» заңы бойынша қаржылық қылмыстар үшін айыпталды. Инспектор оның аулаған балықтарының кішкентай екенін айтып, оны дәлелдерді жоюмен айыптаған. Кейін заңдағы балықтардың ең аз мөлшері өзгертілгенімен, Йейтс бірнеше жылға созылған сот процестерінен өтіп, жұмысын жоғалтып, түрмеге қамалды. Бұл оқиға заңдардың қарапайым азаматтардың өміріне қаншалықты зиян келтіретінін көрсетеді.
Тағы бір мысал ретінде Нью-Йорк қаласындағы кәсіпкерлікті айтуға болады. Онда мейрамхана ашу үшін 11 қалалық агенттікке жүгініп, 30 рұқсат пен 23 тексеруден өту керек. Мұндай бюрократиялық кедергілер көптеген кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуді мүмкін емес етеді.
Бұл құқықтық жүктеменің салдары күнделікті өмірдің әр саласында сезіледі. Мысалы, Массачусетс штатында АҚШ-тың әнұранын музыкалық попурриде орындау заңға қайшы, ал Вирджиния штатында жексенбі күні итпен аю аулауға тыйым салынған. Мұндай ұсақ заңдар азаматтардың құқықтық жүйеге деген сенімін төмендетеді, өйткені олар көптеген заңдардың бар екенін білмейді және олардың не үшін қажет екенін түсінбейді.
Федералдық заңдардың шамадан тыс өсуі азаматтардың күнделікті өмірін бақылауды күшейтті. Бұрын жергілікті қауымдастықтар мен штаттар шешетін мәселелер қазір федералдық деңгейде реттелуде. Мысалы, білім беру жүйесі: 1979 жылға дейін АҚШ-та Білім министрлігі болмаған, ал қазір бұл агенттікте 4000-нан астам қызметкер жұмыс істейді және оның жылдық бюджеті 70 миллиард доллардықұрайды. Бұл қаржы штаттар мен жергілікті мектептерге бөлінсе де, олар федералдық талаптарды орындауға міндетті.
Заңдардың шамадан тыс көп болуының салдары айқын: азаматтарға және кәсіпкерлерге көптеген заңдарды білу және орындау мүмкін емес. Жүйенің өзі соншалықты күрделі болып кетті, тіпті қарапайым қателіктер қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін, Джон Йейтс оқиғасы сияқты.
Қорытынды
АҚШ-тың құқықтық жүйесі шамадан тыс заңдар мен регламенттерге байланысты қиындықтарға тап болды. Бұл азаматтардың өмірін күрделендіріп, көптеген заңдар мен ережелерді сақтау ауыртпалығына әкелді. Заңнамалық жүйені қайта қарап, заңдардың түсінікті, әділ және орындалуы оңай болуын қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе, азаматтардың құқықтық жүйеге деген сенімі төмендеп, әлеуметтік шиеленіс ұлғая беруі мүмкін.
Дайындаған: Ален Серіков
Economy.kz порталының сарапшысы


