EC[ON]OMY

Мемлекеттік сатып алу жеткізушілерінің гендерлік талдауы

Қазақстандағы ең ірі мемлекеттік сатып алу келісімшарттарының небәрі 4,7%-ын әйелдер басқаратын компаниялар иеленген. Ал елдегі ШОБ субъектілерінің 48%-ына әйелдер жетекшілік етеді.

Мемлекеттік сатып алу бюджет қаражатын қайта бөлудің негізгі тетіктерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік сатып алу көлемі 8 трлн теңгеден асты. Бұл көрсеткішке квазимемлекеттік сектордың сатып алулары кірмейді. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 5%-дан астамына тең. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған мемлекеттерде мемлекеттік сатып алудың экономикадағы үлесі әдетте 10-20% аралығында болады.

Қазақстанның мемлекеттік сатып алу порталында 18 мың тапсырыс беруші және 120 мыңнан астам жеткізуші тіркелген. Сондықтан кәсіпкерлердің бұл нарыққа қатысуы жеке сектордың тұрақтылығы мен экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етеді.

Мемлекеттік сатып алу нарығына қол жеткізу компанияларға бизнесті кеңейтуге, капитал жинауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, бұл капиталдың әйелдер мен ерлер үшін қаншалықты тең дәрежеде қолжетімді екені әлі күнге дейін жан-жақты зерттелген жоқ. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың басында Қазақстанда 2,2 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 1,09 миллионына әйелдер жетекшілік етеді.

Әйелдердің үлесі ең алдымен жеке кәсіпкерлер арасында жоғары — 58%. Ал меншік нысаны іріленіп, заңды тұлғаларға (ЖШС, АҚ) немесе шаруа қожалықтарына өткен сайын бұл көрсеткіш 28%-ға дейін төмендейді. Әйелдер басқаратын кәсіпорындар да ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Алайда олардың мемлекеттік сатып алуға қатысуын талдау айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетеді.

2025 жылдың қорытындысында әйелдер жетекшілік ететін компаниялар елдегі ең ірі мемлекеттік келісімшарттар көлемінің орта есеппен небәрі 5%-ын ғана алған. Жалпы алғанда, Қазақстанда мемлекеттік сатып алудағы гендерлік құрылымға қатысты зерттеулер өте аз.

Сонымен бірге халықаралық тәжірибе капиталға қолжетімділіктегі тұрақты гендерлік алшақтықты көрсетеді. БҰҰ-ның Халықаралық сауда орталығыныңмәліметінше, әлемдегі мемлекеттік сатып алу көлемінің шамамен 1%-ы ғана әйелдер басқаратын компанияларға тиесілі.

Капиталға қолжетімділіктегі бұл теңсіздік Азия даму банкінің Қазақстанмен 2023-2027 жылдарға арналған Елдік әріптестік стратегиясында (CPS) да құрылымдық мәселе ретінде көрсетілген. Құжат Қазақстан экономикасына жүргізілген кешенді талдау негізінде әзірленген.

Қазақстан заңнамасында мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне компания басшысының жынысына байланысты ешқандай шектеу қойылмайды. Барлық тіркелген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер сатып алу рәсімдеріне тең құқықпен қатыса алады. Дегенмен дәл осы жағдай келісімшарттардың нақты қалай бөлінетінін талдауды ерекше маңызды етеді.

Анықталған айырмашылық құқықтық кемсітушіліктің емес, құрылымдық, институционалдық немесе мінез-құлықтық кедергілердің бар екенін көрсетуі мүмкін. Мұндай факторларды жан-жақты зерттеу қажет. Талдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) жариялаған 2025 жылғы екі ресми тізілімге негізделді:

1.⁠ ⁠Топ-100 жеткізуші — жасалған келісімшарттар саны бойынша (К-тізілім).

2.⁠ ⁠Топ-100 жеткізуші — жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы бойынша (С-тізілім).

Талдау барысында мынадай көрсеткіштер қарастырылды:

  • ⁠ ⁠басшысының жынысына қарай жеткізушілер саны;
  • ⁠ ⁠келісімшарттардың жалпы саны мен сомасындағы үлесі;
  • ⁠ ⁠бір жеткізушіге шаққандағы орташа келісімшарт көлемі;
  • ⁠ ⁠рейтингтегі алғашқы әйел басшының орны;
  • ⁠ ⁠ұйымдық-құқықтық құрылымы (ЖШС, ЖК, квазимемлекеттік ұйымдар).

Айта кету керек, ресми тізілімдерде тек компания басшысының аты-жөні көрсетіледі. Сондықтан компания құрылтайшыларының гендерлік құрамы ашық дереккөздерде қолжетімсіз.

Келісімшарттар саны бойынша рейтинг (К-тізілім)

2025 жылдың қорытындысында келісімшарттар саны бойынша алғашқы 100 жеткізушінің ішінде:

  • ⁠ ⁠25 компанияны әйелдер басқарады (25%);
  • ⁠ ⁠75 компанияны ерлер басқарады (75%).

Бұл 100 жеткізуші жалпы 214 218 келісімшарт жасап, олардың жиынтық құны 373,9 млрд теңгені құрады.

Қаржылық бөлініс одан да үлкен айырмашылықты көрсетеді. Әйелдер басқаратын компаниялар 30,5 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 8,2%-ын иеленген. Ал ерлер басқаратын компанияларға 343,4 млрд теңге немесе 91,8% тиесілі болған. Бір жеткізушіге шаққандағы орташа келісімшарт көлемі бойынша айырмашылық 3,8 есе:

  • ⁠ ⁠әйелдерде — 1,2 млрд теңге;
  • ⁠ ⁠ерлерде — 4,6 млрд теңге.

Рейтингте алғашқы әйел басшы тек 9-орында ғана кездеседі.

1-кесте. 2025 жылғы келісімшарттар саны бойынша ТОП-100 жеткізушідегі гендерлік құрылым

Көрсеткіш     Әйелдер       Ерлер Барлығы       Айырмашылық (Е/Ә)

Жеткізушілер          25 (25%)       75 (75%)       100     3 есе

Келісімшарттар сомасы, млрд тг          30,5 (8,2%)   343,4 (91,8%)          373,9  11,3 есе

Келісімшарттар саны        40 861           173 357         214 218         4,2 есе

Бір жеткізушіге орташа сома, млн тг    1 220  4 579  —          3,8 есе

Рейтингтегі алғашқы орын          №9     №1     —           —

Дереккөз: автордың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) деректері негізіндегі есебі, 2025 жыл.

Келісімшарттардың жалпы сомасы бойынша рейтинг (С-тізілім)

С-тізілімдегі жағдай бұдан да жоғары деңгейде шоғырланған.

ТОП-100 жеткізушінің ішінде:

  • ⁠ ⁠9 компанияны ғана әйелдер басқарады (9%). Оның екеуі — республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары;
  • ⁠ ⁠90 компанияны ерлер басқарады (90%);
  • ⁠ ⁠1 компания бойынша басшының аты-жөні жарияланбаған (рейтингтегі №1 орын).

Тізілімдегі келісімшарттардың жиынтық көлемі 4 844,6 млрд теңгені құрайды. Бұл Қазақстандағы мемлекеттік сатып алудың бір жылдық жалпы көлемінің жартысынан астамына тең.

Әйелдер басқаратын компаниялар 229,8 млрд теңге, яғни жалпы көлемнің 4,7%-ын иеленген. Ерлер басқаратын компанияларға 3 905,4 млрд теңге немесе 80,6% тиесілі.

Бір жеткізушіге шаққандағы орташа келісімшарт көлемі:

  • ⁠ ⁠әйелдерде — 25,5 млрд теңге;
  • ⁠ ⁠ерлерде — 43,4 млрд теңге.

Рейтингте алғашқы әйел басшы тек 14-орында орналасқан.

2-кесте. 2025 жылғы келісімшарттардың жалпы сомасы бойынша ТОП-100 жеткізушідегі гендерлік құрылым

Көрсеткіш     Әйелдер       Ерлер Барлығы       Айырмашылық (Е/Ә)

Жеткізушілер          9 (9%)            90 (90%)       100     10 есе

Келісімшарттар сомасы, млрд тг          229,8 (4,7%) 3 905,4 (80,6%)       4 844,6          17 есе

Бір жеткізушіге орташа сома, млрд тг 25,5    43,4    —          1,7 есе

Рейтингтегі алғашқы орын          №14   №1     —           —

Дереккөз: автордың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) деректері негізіндегі есебі, 2025 жыл.

Екі тізілімді салыстыру

Екі тізілімді салыстыру маңызды заңдылықты көрсетті. Олар іс жүзінде бір-бірімен қиылыспайды — екі рейтингте бір ғана компания қайталанады. Бұл мемлекеттік сатып алу жүйесінде жиі жасалатын шағын келісімшарттар нарығы мен ең ірі келісімшарттар нарығы екі бөлек сегмент екенін аңғартады. Олардың қатысушылары да әртүрлі.

Сонымен қатар қаржылық көлемдегі әйелдердің үлесі:

  • ⁠ ⁠К-тізілімде — 8,2%;
  • ⁠ ⁠С-тізілімде — 4,7%.

Бұл көрсеткіштердің екеуі де әйелдердің жеткізушілер арасындағы үлесінен айтарлықтай төмен (тиісінше 25% және 9%). Демек, гендерлік айырмашылық ең алдымен қаржы көлемінде байқалады. Әйелдер рейтингтерде бар, бірақ бөлінетін қаражаттағы үлесі олардың санына сәйкес келмейді.

3-кесте. 2025 жылғы екі тізілімнің салыстырмалы талдауы

Көрсеткіш     К-тізілім (келісімшарт саны)       С-тізілім (келісімшарт сомасы)

Әйел басшылар     25 (25%)       9 (9%)

Әйелдердің қаржыдағы үлесі    8,2%   4,7%

Тізілімнің жалпы көлемі   373,9 млрд тг          4 844,6 млрд тг

Тізілімдердің қиылысуы   100 компанияның 1-еуі     100 компанияның 1-еуі

Рейтингтегі алғашқы әйел          №9     №14

Дереккөз: автордың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) деректері негізіндегі есебі, 2025 жыл.

Ұйымдық-құқықтық құрылым бойынша талдау

Ұйымдық-құқықтық құрылымды талдау гендерлік алшақтықтың негізгі себептерін айқындайды. Жеке кәсіпкерлер сегментінде әйелдердің үлесі жоғары. К-тізілімдегі көптеген жеке кәсіпкер әйелдер мемлекеттік сатып алуға қатысқанымен, дәл осы сегментте келісімшарттардың орташа көлемі ең төмен. Жалпы алғанда жеке кәсіпкерлердің үлесіне тізілімнің қаржылық көлемінің 1%-дан азы ғана келеді.

Ал квазимемлекеттік сектор — акционерлік қоғамдар, ұлттық компаниялар және мемлекеттік кәсіпорындар — екі тізілімдегі қаржы көлемінің негізгі бөлігін шоғырландырады. Дәл осы секторда гендерлік айырмашылық ең айқын байқалады. Ірі квазимемлекеттік ұйымдардың басшылық қызметінде әйелдер өте аз. Келісімшарттардың сомасы бойынша С-тізілімдегі алғашқы 15 орынның барлығын ер адамдар басқарады.Олардың басым бөлігі құрылыс, энергетика және қаржы салаларындағы ірі акционерлік қоғамдар мен ЖШС-лардың жетекшілері.

Ал ЖШС сегментінде, яғни орта бизнес үшін ең кең таралған ұйымдық-құқықтық нысанда, орташа келісімшарт көлеміндегі айырмашылық жалпы тізіліммен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл бәсекелі жеке секторда әйелдер басқаратын компаниялардың мемлекеттік сатып алуға табысты қатыса алатынын көрсетеді. Алайда олардың бизнесінің ауқымы ең ірі келісімшарттарға қол жеткізу мүмкіндігін шектейді.

Осылайша, негізгі құрылымдық мәселе тікелей кемсітушілікте емес, капиталдың әйелдер аз ұсынылған секторлар мен ұйымдық құрылымдарда шоғырлануында. Бұл, ең алдымен, ірі квазимемлекеттік ұйымдардың басқарушы лауазымдары мен капиталды көп қажет ететін салаларға қатысты.

Жүргізілген талдау заң жүзінде тең мүмкіндік болғанымен, әйелдер басқаратын компаниялардың мемлекеттік келісімшарттардың қаржылық көлемінен өз үлесіне сәйкес келмейтіндей аз үлес алатынын көрсетті. Екі тізілімде де ерлер мен әйелдер арасындағы қаржылық айырмашылықтың сақталуы бұл құбылыстың жүйелі сипатқа ие екенін аңғартады.

Екі тізілімнің басты парадоксы мынада:

  • ⁠ ⁠келісімшарттар саны бойынша рейтингте әйелдердің үлесі 25%;
  • ⁠ ⁠ал келісімшарттардың жалпы сомасы бойынша олардың үлесі небәрі 9%.

Соған қарамастан қаржылық үлес екі жағдайда да төмен күйінде қалып отыр — 8,2% және 4,7%. Бұл әйелдердің рейтингтегі санын көбейту өз алдына мәселені шешпейтінін көрсетеді. Ең маңыздысы — олардың ең ірі мемлекеттік келісімшарттарға да тең қол жеткізуіне жағдай жасау. Алғашқы қадам ретінде мемлекеттік сатып алу порталында қосымша сүзгі енгізу ұсынылады.

goszakup.gov.kz порталында жеткізуші компаниялардың басшылары туралы мәліметтер қазірдің өзінде бар. Сондықтан техникалық тұрғыдан қажетті мүмкіндік дайын. Ол үшін жеткізушілерді тіркеу кезінде компания басшысының жынысы бойынша сүзгіні енгізу жеткілікті. Бұл заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етпейді және порталдың қолданыстағы инфрақұрылымы аясында жүзеге асырыла алады.

Осындай тәжірибені мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізу Қазақстанның гендерлік бюджеттеу жөніндегі халықаралық стандарттарға жақындауына мүмкіндік береді.

Нуркеева Алтынай, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, www.economyKZ.org үшін арнайы

Scroll to Top

Discover more from EC[ON]OMY

Subscribe now to keep reading and get access to the full archive.

Continue reading