Бірнеше жыл бұрын өнеркәсіп туралы әңгіме көбіне жаңа зауыттар салу, жабдық сатып алу және өндірістік қуатты арттыру төңірегінде өрбитін. Бүгінде назар басқа бағытқа ауып барады. KPMG Global Tech Report 2026: Industrial Manufacturing зерттеуіне сәйкес, әлемдік өнеркәсіп жаңа кезеңге қадам басты. Енді компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі өндірістік желілердің санына немесе инвестиция көлеміне ғана емес, деректерді қаншалықты тиімді жинап, талдап және сол ақпарат негізінде қаншалықты жылдам шешім қабылдай алатынына байланысты болмақ. Көптеген кәсіпорындар үшін жасанды интеллект технологиялық бөлімнің тәжірибелік жобасы болудан қалып, өндірістің күнделікті құралына айналып келеді. Сауалнамаға қатысқан басшылардың жартысына жуығы цифрлық инвестициялардан нақты қаржылық пайда көріп отырғанын айтса, 87%-ы болашақтағы бәсекелестік артықшылықты дәл озық технологиялар анықтайтынына сенімді.
Бір қарағанда бұл кезекті цифрландыру толқыны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда зерттеу әлдеқайда терең өзгерістердің жүріп жатқанын көрсетеді. Ұзақ уақыт бойы өндірістегі бәсекелестік капиталға, жабдыққа, шикізатқа және нарыққа қолжетімділікке негізделіп келді. Енді осы факторлардың қатарына тағы бір маңызды ресурс қосылып отыр. Оны қоймаға жинау немесе тоннамен өлшеу мүмкін емес. Бұл — компанияның ақпаратты шешімге айналдыру қабілеті. Бұрын өндірістің жылдамдығын жабдықтың қуаты анықтаса, қазір бұл көрсеткішті деректерді өңдеу жылдамдығы анықтай бастады.
Жасанды интеллектке деген қызығушылықтың күрт өсуі де осыдан туындайды. Өнеркәсіптік компаниялардың жартысына жуығы қазірдің өзінде нақты нәтиже беретін AI шешімдерін қолданып отыр. Әсіресе қателіктің құны жоғары салаларда технологияның маңызы арта түскен. Ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі — өнім сапасын алдын ала болжау. Басшылардың жартысынан көбі мұны негізгі басымдықтардың қатарына жатқызады. Одан кейін жабдықтардың тоқтап қалуын азайту, өндірістік процестерді талдау және клиенттердің сұранысына бейімделген өнім әзірлеуге арналған генеративті технологиялар келеді. Басқа көптеген салалармен салыстырғанда өнеркәсіп жасанды интеллектке бір мезетте әрі батыл, әрі сақтықпен қарайды. Себебі чат-боттың қатесі көбіне қолданушының наразылығымен аяқталса, өндірістегі қате өнім сапасының төмендеуіне, желінің тоқтауына немесе миллиондаған шығынға алып келуі мүмкін.
Сондықтан ең қызықты өзгерістердің өзі жасанды интеллекттің ішінде емес, оның айналасында болып жатыр. Зерттеу кәсіпорындардың жаңа цифрлық орта қалыптастырып жатқанын көрсетеді. Бұл ортада AI көптеген элементтердің бірі ғана. Датчиктер, аналитикалық платформалар, жабдықтарды бақылау жүйелері, цифрлық егіздер, бұлтты сервистер және болжау құралдары бір-бірімен байланысып, тұтас экожүйе құрай бастады. Жасанды интеллект осы жүйенің орталығында орналасқан талдау механизміне ұқсайды. Ол әртүрлі ақпарат ағындарын біріктіріп, басқарушыларға жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Соның нәтижесінде өнеркәсіп жекелеген процестерді автоматтандырудан интеллектуалды өндірістік орта құру кезеңіне өтіп жатыр.
Бұл өзгерістің жарқын мысалы ретінде цифрлық егіздерді атауға болады. Бұрын олар тек ірі корпорациялардың қолы жететін күрделі технология саналды. Қазір оған деген қызығушылық қарқынды өсіп келеді. Компаниялар өндірістік нысандардың виртуалды көшірмесін жасап, кез келген өзгерісті алдымен цифрлық ортада сынайды. Жасанды интеллектпен бірге мұндай модельдер шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға, әлсіз тұстарды анықтауға және жабдықтардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар edge computing технологиясына сұраныс өсіп жатыр. Бұл жағдайда есептеулер қашықтағы серверлерде емес, өндірістік желінің жанында жүргізіледі. Мұндай тәсіл ақпаратты өңдеуді жылдамдатып, инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтады әрі өзгерістерге тез әрекет етуге мүмкіндік береді.
Дегенмен зерттеудің барлық бөлімдерін байланыстыратын басты тақырып — деректер. Қазіргі өнеркәсіптің мүмкіндіктері де, тәуекелдері де осы жерде тоғысады. Басшылардың 80%-дан астамы компанияларында деректермен жұмыс істеудің берік негізі қалыптасқанын айтады. Шамамен сонша респондент ақпаратты басқару жүйелерін де жоғары бағалайды. Бірақ сонымен қатар олардың 76%-ы сапасыз немесе сенімсіз деректерді жасанды интеллекттің басты қауіптерінің бірі деп санайды. Бір қарағанда бұл қарама-қайшылық сияқты көрінеді. Алайда шын мәнінде бұл қазіргі жағдайды дәл сипаттайды. Компаниялар деректердің болуы мен оларды тиімді пайдалану екі бөлек мәселе екенін жақсы түсінеді.
Заманауи өндірістік кәсіпорын күрделі экожүйеге ұқсайды. Өндіріс алаңдары, логистикалық бөлімдер, жеткізушілер, ERP жүйелері мен қаржы қызметтері көбіне әртүрлі ақпараттық ортада жұмыс істейді. Мәлімет көп болғанымен, олардың бөлімдер арасында еркін қозғалысы әлі де шектеулі. Сондықтан зерттеу ақпаратты бірыңғай білім жүйесіне біріктіретін жаңа тәсілдерге ерекше назар аударады. Егер цифрлық егіз бизнестің физикалық бөлігін көрсетсе, деректерді басқарудың жаңа үлгілері компанияның бүкіл ақпараттық кеңістігінің цифрлық бейнесін қалыптастырады. Көптеген ұйымдар үшін бұл міндеттің маңызы жасанды интеллектті енгізуден кем емес.
Деректердің маңызы артқан сайын корпоративтік басқару тәсілдері де өзгеріп жатыр. Компаниялардың 70%-ы жасанды интеллектті орталықтандырылған модель арқылы енгізуде және бұл процесте негізгі рөлді IT бөлімдері атқарады. Бірақ технологиялық жобаларды енді тек бағдарламашылар мен инженерлердің міндеті деп қарастыру жеткіліксіз екені айқындала бастады. Басшылардың шамамен 90%-ы IT мамандары, тәуекелдерді басқару топтары және киберқауіпсіздік мамандарының тығыз ынтымақтастығын аса маңызды деп есептейді. Технологиялар өндіріс процесіне терең енген сайын кез келген қатенің құны да артып келеді.
Сондықтан жасанды интеллектке инвестиция көлемі артқан сайын киберқауіпсіздікке бөлінетін қаражат та көбейіп жатыр. Өнеркәсіптік компаниялардың жартысына жуығы алдағы бір жыл ішінде осы бағыттағы бюджетті айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өндіріс үшін бұл ерекше маңызды мәселе. Зауыт ұзақ уақыт тоқтап тұра алмайды. Егер көптеген ұйымдар үшін кибершабуыл уақытша қолайсыздық туғызса, өндіруші кәсіпорын үшін ол өндірістің тоқтауына, жеткізілімдердің кешігуіне және тікелей қаржылық шығындарға алып келуі мүмкін. Сондықтан басшылар технологиялық жаңғыртудың басты нәтижелерінің бірі ретінде операциялық тиімділікпен қатар киберқауіпсіздіктің күшеюін де атап өтеді.
Сыртқы ортаға деген көзқарас та өзгеріп келеді. Ұзақ уақыт бойы өндірістік тізбектер ең төмен шығын мен ең жоғары тиімділік қағидатына сүйеніп құрылды. Қазір тұрақтылық алдыңғы қатарға шықты. Компаниялар тәуекелдерді бақылау, жеткізушілерге тәуелділікті бағалау және әртүрлі сценарийлерді модельдеу үшін цифрлық құралдарды көбірек пайдалана бастады. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында деректер ағындарын жақсарту ең жиі аталған шараға айналды. Іс жүзінде деректер кәсіпорынның жүйке жүйесі сияқты қызмет атқара бастады. Олар басшылыққа оқиғаларды өткеннен кейін емес, нақты уақыт режиміне жақын жағдайда бақылауға мүмкіндік береді.
Адам капиталына деген көзқарас та өзгеруде. Басшылардың шамамен 90%-ы алдағы бес жылда AI агенттерін басқару маңызды кәсіби дағдыға айналады деп есептейді. Компаниялар қызметкерлерді оқытуға инвестиция салып, жаңа мамандықтарды енгізіп, ұйымдық құрылымдарын қайта қарастырып жатыр. Бұл жерде әңгіме адамның орнын толықтай машина басады деген пікір туралы емес. Керісінше, өнеркәсіп адам мен интеллектуалды жүйелер бірлесіп жұмыс істейтін модельге қарай бет алды. Сондықтан кадрларды даярлау жаңа технологияларды енгізумен қатар жүретін негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.
Зерттеудің негізгі түйіні де осы жерде жатыр. Әлемдік өнеркәсіп жай ғана цифрландырудың жаңа кезеңіне емес, әлдеқайда ауқымды өзгерістерге қадам басты. Компаниялар бұрынғыдай зауыттар салып, жабдық сатып алып, инфрақұрылымдарын жаңғыртуды жалғастыра береді. Бірақ бәсекелестік артықшылықтың көзі біртіндеп басқа салаға ауысып жатыр. Енді жеңіске ең заманауи жабдыққа ие компания емес, ақпаратты ең жылдам шешімге айналдыра алатын компания жақындай түседі. Өнеркәсіптік интеллекттің мәні де осында. Ол өндірісті басқарудың жаңа деңгейіне айналып келеді. Бұл деңгейде деректер, талдау құралдары және жасанды интеллект бұрын өндірістік қуаттар мен капитал атқарған рөлді біртіндеп өз мойнына ала бастады.
Шыңғыс Ерболат, EconomyKZ.org порталының сарапшысы


