2024 жылдың қазан айында Goldman Sachs «Carbonomics» есебін ұсынды. Бұл есепте декарбонизацияның жаңартылған жолдары қамтылған. Осы мәліметтерге сәйкес, 2070 жылға қарай $74.6 трлн инвестиция қажет болады. Бұл қаражат көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін негізгі секторларға бағытталуы тиіс.
Жаңартылатын энергетика жетекші орынды иеленеді. GS 2.0°C сценарийі бойынша күн және жел энергиясына инвестициялар миллиардтаған долларды құрайды. Күн энергиясы ең жоғары өсімді көрсетуде. 2023 жылы орнатылған күн панельдерінің қуаты 2400 ГВт-тан асты. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 2021 жылғы болжамдардан 60%-ға артады деп күтілуде.
Ядролық энергетика да маңызды рөл атқарады. 2030 жылға қарай атом станцияларының орнатылған қуатының артуы алдыңғы бағалаулардан 30%-ға асып түседі. COP28 кезінде 20-дан астам ел 2050 жылға қарай атом станцияларының әлемдік қуатын үш есеге арттыру бастамасын қолдады.

Инвестициялар тек жаңартылатын энергия көздеріне ғана қажет емес. Энергетикалық желілер мен сақтау жүйелері де маңызды. Жаңа энергия көздерін интеграциялау үшін инфрақұрылымды жаңарту қажет. 2060 жылға қарай ғаламдық электр энергиясына сұраныс 2.7 есе артады деп күтілуде. Бұл энергия желілерін құру мен дамытуға қомақты қаржы салуды талап етеді.
Энергияны сақтау барған сайын өзекті болуда. Батареялар мен сақтау жүйелері энергиямен қамтуды тұрақтандырады. GS 2.0°C сценарийі бойынша олар желінің теңгерімін сақтауда маңызды рөл атқарады.
Газ қажеттілігі бұрынғы болжамдардан азаяды, бірақ ол өтпелі отын ретінде маңызды болып қалады. 2030 жылы оның электр энергиясы өндірісіндегі үлесі 20%-ға дейін төмендейді. Бұл 2021 жылғы 27%-дық болжамнан төмен. Дегенмен, көмірсутектер 2040 жылға дейін маңызды мәнге ие болады. Олардың рөлі тек осы кезеңнен кейін төмендей бастайды.
Мұнай мен газды өндіруге инвестициялар әлі де қажет. Бұл 2050 жылға дейін осы ресурстарға сұраныстың артуымен байланысты. Жаңа мұнай және газ кен орындарын игеру жобалары талап етіледі.
Көлік секторы елеулі инвестицияларды талап етеді. Көлікті электрлендіру бұрын болжанғаннан жылдамырақ жүріп жатыр. 2023 ж. электромобильдердің сатылымдағы үлесі 16%-ға жетті. Қытайда бұл көрсеткіш 35%-ды құрады. 2030 жылға қарай Қытайда электромобильдер үлесі 80%-ға жетеді деп болжануда.
Алайда басқа аймақтар үшін болжамдар түзетілді. АҚШ пен Еуропада EV енгізу қарқыны баяулады. Секторды одан әрі дамыту үшін зарядтау станциялары мен инфрақұрылымға инвестициялар қажет.
Басқа технологияларға да инвестициялар қажет. Сутегі энергетикасы күткеннен баяу дамып келеді. Өндіріс шығындарының жоғары болуы және жобалардың аздығы бұл процесті тежейді. 2030 жылға қарай жасыл сутегіне сұраныс тек 1 млн тоннаны құрайды деп болжануда.
Көміртекті ұстап қалу және сақтау жүйесі (CCUS) де маңызды рөл атқарады. Ол қымбат болғанымен, климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет. 2021 жылы ұсталған көміртегі көлемі 10 млн тоннаны құраған, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 53 млн тоннаға дейін артады деп болжануда.
Тұрақты энергетикаға инвестициялар кешенді көзқарасты талап етеді. Негізгі қаржы жаңартылатын энергия көздерін, ядролық энергетиkaны дамытуға және инфрақұрылымды жаңартуға бағытталатын болады. Газ бен көмірсутектер алдағы ондаған жылдарда маңызды мәнге ие болады. Көлік секторы электрлендіруді қолдау үшін әрі қарай қаржыландыруды қажет етеді.
Қиындықтар сақталады. Жаңа технологиялар мен инфрақұрылымға жоғары шығындар даму қарқынын тежейді. Дегенмен, осы инвестицияларсыз 2070 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мүмкін болмайды.


