EC[ON]OMY

Климаттық миграция: көшудің құқықтық аспектілері

Қазіргі жағдайда климат тақырыбы саясатта, экономикада және қоғамда барған сайын жиі талқыланып келеді. Соған байланысты «климаттық босқын» деген ұғым да кеңінен айтыла бастады. Бұл ұғым әдетте климаттың өзгеруі салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарды білдіреді.

Мәселенің ауқымын нақты деректер де көрсетеді. Ішкі көші-қонды мониторингтеу жөніндегі халықаралық орталықтың (IDMC) мәліметі бойынша, 2024 жылдың соңында әлемде 83 миллионнан астам ішкі қоныс аударған адам тіркелген. Бұл – бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Осы көшіп-қонулардың елеулі бөлігі табиғи апаттар мен климаттық факторларға байланысты. Тек 2024 жылдың өзінде шамамен 10 миллион адам су тасқыны, дауыл, циклон және құрғақшылық салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ұзақ мерзімді болжамдар да алаңдатарлық. Сараптамалық орталықтардың бағалауынша, 2050 жылға қарай жүздеген миллион адам экологиялық себептермен қоныс аударуы мүмкін. Бұл ең алдымен жағалаудағы аймақтарға, Африка мен Оңтүстік Азияның құрғақ өңірлеріне және шағын арал мемлекеттеріне тән.

Осындай жағдайда әлемдік қауымдастықта «климаттық босқындар» деген кімдер, оларға қандай құқықтар тиесілі және оларды қалай қорғауға болады деген сұрақтар жиі қойыла бастады.

Халықаралық көші-қон құқығында «босқын» ұғымы 1951 жылғы БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы конвенциясында бекітілген. Онда босқын деп нәсіліне, дініне, ұлтына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалаудан қашқан адамдар танылады. Ал су тасқыны, құрғақшылық немесе теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты климаттық апаттар бұл тізімге кірмейді. Яғни халықаралық құқық әзірге климат салдарынан қоныс аударған адамдарды автоматты түрде қорғалатын босқындар ретінде мойындамайды.

Сондықтан БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мен Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты құрылымдар «климаттық босқын» деген ресми терминді қолданбай, оларды «апат салдарынан қоныс аударған адамдар» немесе «климаттық мигранттар» деп атауды жөн көреді. Бұл олардың босқын мәртебесінің жоқ екенін көрсетеді.

Неге бұл мәселе маңызды? Өйткені ресми мәртебенің болмауы құқықтық олқылық туғызады. Мысалы, өз елін су басу немесе жердің шөлге айналуы салдарынан тастап кеткен адам соғыс немесе саяси қуғыннан қашқан босқын сияқты қорғауға ие емес. Оған 1951 жылғы Конвенция қолданылмайды. Демек, қабылдаушы мемлекет оған баспана беруден бас тартып, кері қайтаруы мүмкін. Соның салдарынан миллиондаған адам өміріне қауіп төнген аймақтарға қайта жіберілу қаупінде қалады.

Сонымен қатар халықаралық қауымдастық климаттың өзгеруі мен көші-қон арасындағы байланысты жоққа шығармайды. 2018 жылы қабылданған Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық келісімде табиғи апаттар, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның тозуы адамдарды көшуге мәжбүр ететін факторлар екені ашық айтылған. Алайда бұл құжат ұсынымдық сипатта және жаңа заңды мәртебе немесе міндеттемелер енгізбейді.

Дегенмен арнайы мәртебенің болмауы құқықтардың мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Үйін тастап кетуге мәжбүр болған барлық адамдар үшін негізгі адам құқықтары сақталады. Климаттық дағдарыс өмір сүру құқығына, тамаққа, суға, баспанаға және денсаулыққа тікелей әсер етеді.

Мұндай жағдайда қолданылатын халықаралық құқықтың негізгі қағидаларының бірі – қайтармау қағидаты (non-refoulement). Бұл қағидаға сәйкес, адамды өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төнетін жерге қайтаруға болмайды.

2020 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті маңызды шешім қабылдады. Онда климаттық дағдарыс адамның өміріне нақты қауіп төндіретін жағдайға қайтару өмір сүру құқығын бұзуы мүмкін екені айтылды. Бұл ұстаным Кирибати азаматы Иоане Теитиотаның ісі бойынша қаралды. Ол өз елін су басу қаупіне байланысты Жаңа Зеландиядан баспана сұраған. Нақты жағдайда құқық бұзылды деп танылмаса да, Комитет климаттық қауіп шектен асқан кезде депортацияға жол берілмейтінін анық көрсетті.

2025 жылы бұл ұстаным БҰҰ-ның Халықаралық соты деңгейінде жалғасын тапты. Климаттың өзгеруімен байланысты мемлекеттердің міндеттері жөніндегі консультативтік қорытындысында сот климаттық өзгерістер адамның негізгі құқықтарына, ең алдымен өмір сүру құқығына әсер етуі мүмкін екенін растады. Егер адамды өз еліне қайтару климаттық факторлар салдарынан оның өміріне нақты әрі орны толмас зиян келтіру қаупін тудырса, мемлекеттер мұны ескеруі тиіс екенін атап өтті. Осылайша, Халықаралық сот климат мәселесінде қайтармау қағидатын қолданудың құқықтық негізін күшейтті, бірақ «климаттық босқын» деген жеке мәртебе енгізген жоқ.

Климатқа байланысты қоныс аудару көлемі артқан сайын, бұл құқықтық олқылықты жоюдың түрлі жолдары талқылануда. Мысалы, 1951 жылғы Конвенциядағы босқын анықтамасын кеңейту немесе климат салдарынан көшкен адамдарды қорғауға арналған бөлек халықаралық келісім әзірлеу ұсынылуда.

Алайда кей жағдайда «босқын» ұғымының өзі климаттық көші-қонды толық сипаттай алмауы мүмкін. Классикалық қуғын-сүргіннен айырмашылығы, климаттық апаттар көбіне аумақтың уақытша емес, мүлде өмір сүруге жарамсыз болып қалуына әкеледі. Мұндай жағдайда адамды «қайтару» ұғымы мәнін жоғалтады, себебі қайтатын жердің өзі болмауы мүмкін. Сондықтан әлемдік қауымдастыққа бұл құбылысты сипаттайтын жаңа құқықтық терминдер мен тәсілдерді ойластыру қажет болуы ықтимал.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының ұстанымы қандай болуы керек деген сұрақ туындайды. Бір жағынан, Қазақстан дәстүрлі түрде босқындарды көп қабылдайтын елдердің қатарына кірмейді. Екінші жағынан, климаттың өзгеруі ел аумағына қазірдің өзінде әсер етіп отыр: құрғақшылық күшейіп келеді, жер тозып жатыр, су тапшылығы артуда. Бұл ішкі көші-қонға да, Орталық Азияның көрші елдерінен келетін ықтимал көші-қон ағындарына да негіз болуы мүмкін. Болашақта мұндай ағым еңбек және демографиялық ресурстарды толықтыру көзі ретінде де, инфрақұрылымға, су мен азық-түлік қауіпсіздігіне және әлеуметтік қызметтерге қосымша салмақ ретінде де қарастырылуы мүмкін. Халықаралық деңгейде мойындалған «климаттық босқын» мәртебесі болмаған жағдайда, Қазақстанға және өңірдегі басқа елдерге климат факторын көші-қон және әлеуметтік-экономикалық саясатта өз бетінше ескеруге тура келуі мүмкін.

Қорытындылай келе, климаттық көші-қон халықаралық көші-қон құқығындағы дәстүрлі ұғымдардың жарамдылығына күмән тудырып отыр. Бұл мәселе тек жаһандық деңгейде ғана емес, ұлттық саясат шеңберінде де жаңа көзқарас пен қайта ойластыруды талап етеді.

Индира Бейсекеева, тәуелсіз сарапшы, арнайы www.economyKZ.org үшін

Прокрутить вверх

Больше на EC[ON]OMY

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше